Түркістан облысында мың адамды жұмыспен қамтитын зауыт құрылысы басталды. Қазір «Састобе» Инновациялық кешенін су, газ және электрмен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Түлкібас ауданында болып, өндіріс алыбының құрылыс алаңын аралады. Аталған зауыт жеке инвестор қаражаты есебінен салынбақ. Дархан Сатыбалды отандық өнімнің түрін арттырып, дайын шикізатты өндеу ісін және дайын тауар шығару өндірісін дамыту мәселесі де маңызды екенін атап өтті. Аталған аумақта индустриалды аймақ салу мәселесіне тоқталды. Жалпы құны – 122 млрд. 850 млн. теңге болатын жобаның құрылысы 2024 жылы маусымда аяқталады деп күтіліп отыр. Іске қосылған соң зауытта жылына 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид және 1 млн. тонна цемент өндірілмек.