Жыл соңында Екібастұзда төтенше жағдай болып, халық жылусыз қалғаны белгілі. Соған сәйкес 1 мыннан астам оқушы еліміздің әр түкпіріндегі лагерлерге жолдама алды. Бүгін 50 бала қасиетті Түркістан шаһарын аралап, рухани астананың жаңадан бой көтерген ғимараттарымен танысты. Еске салсақ, бұған дейін оқушылардың Төлеби ауданында орналасқан “Бәйшешек” демалыс аймағына орналасқанын хабарлаған едік.
Екібастұздық қонақтар алдымен Түркістанның інжу-маржаны Қожа ахмет Ясауи кесенесіне табан тіреді. Бабалар рухына тағзым еткен жеткіншектер тарихи нысанның ғасырлар бойы қаз-қалпында тұрған келбетіне таңдай қағысты. Аманат партиясы өкілдерінің айтуынша басты мақсат-Екібастұздағы төтенше жағдайда зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек ұсынып қана қоймай, балаларға да жан-жақты қолдау көрсету.