Қоян жылы ауқымды ауыс-түйіспен басталды. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде бірнеше министр орнын босатып, тиісінше жаңа мамандар қызметке кірісті. Мәселен бұрын оқу-ағарту министрі болған Асхат Аймағанбетовтың орнына Ғани Бейсенбаев келді. Ал, Зүлфия Сүлейменова ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол осыған дейін осы саланы басқарған Серікқали Брекешовтың орнын басты. Сондай-ақ осы кезге дейін «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы болып келген Асхат Оралов енді мәдениет және спорт министрі. Бұған дейін бұл министрлікті Дәурен Абаев басқарған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Қарабаев Қайырбек Өскенбаевтың орнына Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ал, Қанат Мусиннің орнына Әділет министрі болып Азамат Есқараев тағайындалды.