Түркістан
EN

Облыс әкімі шұғыл жиналыс өткізіп, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды

167
04.01.2023

Ауа-райы күрт өзгеріп, бұрқасын дауыл мен қатты қардың кесірінен облыстағы бірнеше елді мекендер жарықсыз қалған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шұғыл жиналыс өткізді. Техногенді сипаттағы табиғат апатының салдарын жою бойынша барлық жауапты құрылымдардың басшыларын жиналды. Облыс әкімі жағдайды баяндаған әкімдікке қарасты құрылымдар, төтенше жағдайлар департаменті, ішкі істер департаменті, «Оңтүстікжарық», жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшыларына нақты тапсырма берді.

Соңғы тәулікте электр желілерін қалыпқа келтіру жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Оқиға орындарына жарық беруші компанияның бригадалары мен 50-ге жуық адам, 12 техника жұмылдырылған. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының басшылығы жағдай жақын арада тұрақталатынын жеткізді

Бәйдібек пен Созақ аудандарында электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына қосымша техника жіберуді тапсырды.

Түркістан облысында ауа-райы күрт өзгеруінен таулы аймақтарда желдің екпіні 30м/с асты. Қатты дауыл әлі де жалғасып, көктайғақ болады деген болжам бар. Қарлы боран салдарынан республикалық маңызы бар «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» бағытындағы тас жол да жабылды. Облыс аумағында жолдарды тазалау үшін барлығы 100-ден астам адам осыншама техника жұмылдырылған. Әзірге облыстық маңызы бар 8 жол жабық.

Төтеншеліктер қар құрсауында қалған жалпы 100-ге жуық адамды құтқарды. Оның ішінде ересектер мен балалар да бар. 5 жүк көлігі мен оннан астам жеңіл көлікті қар құрсауынан алып шықты. Авариялық-құтқару жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.

Азаматтардың арыз-шағымдарын назарға алу үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Облыстық әкімдікке қарасты барлық құрылымдар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Табиғаттың тосын мінез танытуынан орын алған жағдайды облыс әкімі Дархан Сатыбалды өз бақылауына алды.Облыс басшысының тапсырмасымен аудан әкімдері қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда.