Түркістан
EN

Елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты 109 жол учаскесі жабылды

100
04.01.2023

Елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты 109 жол учаскесі жабылды.  Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.Ведомствоның хабарлауынша, жолда қалған жолаушыларды құтқару мақсатында республикалық және аймақтық штабтар құрылған.

Ауа-райының қолайсыздығынан бақылау бекеттерінде 600 көлік жиналып қалған. Тәулік ішінде құтқару бөлімшелері 695 адамды құтқарып, эвакуациялады. Соның ішінде Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Қарағанды және Абайоблыстарында 137 бала бар, 146 техника қар құрсауынан шығарылды.

Тұрғындарды ескерту мақсатында ауа райының қолайсыздығы туралы 232 смс хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 71 хабарлама жіберілген. Құтқару жұмыстарына барлығы 1000-нан аса адам мен Төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың және Ішкі істер министрлігінің 600-ге жуық техника бірлігі жұмылдырылған. Жол қызметі жолды тазарту жұмыстарын жалғастыруда.

Аймақтарда уақытша жылыну орындары ашылған. Жамбыл, Абай, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында мұндай орындарында 420 адам бар, 69-ы – бала. "Қазгидромет" мәліметінше, бүгін де Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, көктайғақ болады.