Биыл 30-рет ұйымдастырылған «Славян базары» халықаралық байқауында отандасымыз Рухия Байдүкенова Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Витебск қаласында өткен өнер додасында қазақ қызының тұла бойды шымырлатқан әндерін көрерменде әділ қазылар да жоғары бағалаған. Байқау нәтижесі бойынша Рухия Байдүкенова «Алтын лира» сыйлығы мен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды. Ал фестивальдің бірінші орыны Сербияға, екінші орын Украинаға бұйырып, үшінші орынды Словакия мен Әзербайжан өзара бөлісті. 22 жастағы Рухия Талдықорғанның тумасы. Вокалмен ерте жастан айналысқан ол қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрадалық вокал» мамандығында оқиды. Дауыс диапазоны – бес октава. Айта кетейік, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Оған еліміздің атынан 2015 жылы – Димаш Құдайберген, 2019 жылы – Әділхан Макин қатысып, бас жүлдені жеңіп алған болатын.