Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды техногенді сипаттағы табиғат апатының салдарын жою бойынша барлық жауапты құрылымдардың басшыларын жинап, шұғыл жиналыс өткізді. Қазір облыс басшысының тапсырмасымен аудан әкімдері қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда. Айта кетсем, Түркістан облысында ауа-райы күрт өзгеруінен таулы аймақтарда желдің екпіні 30м/с асты. Қатты дауыл әлі де жалғасып, көктайғақ болады деген болжам бар. Әзірге облыстық маңызы бар 8 жол әлі де жабық. Қарлы боран салдарынан республикалық маңызы бар «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» бағытындағы тас жол да жабылды. Облыс аумағында жолдарды тазалау үшін барлығы 100-ден астам адам мен 100-ден астам техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаментінің бригадасы Бәйдібек, Созақ аудандарында қар құрсауында қалған жалпы 100-ге жуық адамды құтқарды. Оның ішінде ересектер де, балалар да бар. 5 жүк көлігі мен оннан астам жеңіл көлікті қар құрсауынан алып шықты. Авариялық-құтқару жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.