Түркістан
EN

2023 жылдың қаңтар айынан бастап шетелдік көліктерді заңдастыру басталады

247
29.12.2022

Шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру 2023 жылдың қаңтарынан басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдауда.

КСМ: Енді 2023 жылдың қаңтарынан бастап Еуразиялық одаққа мүше Ресей, Армения, Белорусь елдерінен үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін келген шетелдік автокөліктерді тізгіндеп жүрген азаматтар біржолғы заңдастыруға өтінім бере алады. Шетелдік автокөлік құралдарын Түркістан облысында тіркеу үшін Сарыағаш қаласы мен Ақсукент ауылында және облыс орталығында орналасқан 3 арнайы ХҚКО-ға баруға болады. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков брифингте мәлімдеді.

Біржолғы заңдастыруға іздеуде жүрген, кедендік тазартудан өтпеген, сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін алып келінген автомобильдер жатпайды. Тіркелуге жататын автокөліктерге шыққан жылы мен экологиялық класы бойынша талаптар қойылмайды. Сондай-ақ, жауапты сала мамандары елді-мекендердегі жол жүру ережелері бойынша жаңаша талаптарға тоқталды.

Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік автокөліктерді 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға болады. Еуразиялық одақтан бөлек өзге мемлекеттерден алып келінген автокөліктерді тіркеу аталған заңдастыруда қарастырылмаған. Оларды тіркеу тиісті төлемдерді төлегеннен кейін жүзеге асырылады.