Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер болады. Сенат отырысында Президент осылай деді. Мемлекет басшысы алдымызда тұрған негізгі мақсат еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру екенін атап өтіп, келесі жылы барлық саладағы реформалар жалғасын табатынын жеткізді. Бұдан бөлек Президент үкімет "шешімді баяу қабылдап жатыр" деп сынын айтты. Сондай-ақ бүгін Парламент сенаты жылды қорытындылады. Биыл Парламент 86 заң қабылдады. Олардың 13-іне депутаттар бастамашы болыпты. Заң шығару кезінде әрбір құжат Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты талқыланды. Халық пікірі ескерілді. Ата заңға, соның негізінде бірқатар конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы конституциялық заңдар қабылданды.
Биыл 4 үкімет сағаты ұйымдастырылды. Онда бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Әріптестеріміз тұрғындармен 650-ге жуық кездесу өткізді. Сонымен қатар, биыл сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады.