Елімізде коронавирустың жаңа толқыны күш алуда. Қаншама азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шаралар жоспарын қабылдау керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте айтты. Бұған дейін Үкімет жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеген еді. Алайда эпидемиологиялық ахуал күннен күнге нашарлап барады. Бүгінде еліміздің барлық өңірлері «қызыл» мен «сары» аймақта тұр. Елде күн сайын коронавирус жұқтырғандардың саны 5 мыңнан асып жатыр. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар сатып алынды. Осыған қарамастан жағдай көңіл көншітпейді деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ құрбан айт кезінде жұрттың жаппай жиналуына жол берілмейді. Бүгінгі кеңесте мемлекет басшысы вакцинация мәжбүрлі түрде жүргізілмейтінін де жеткізді. Вакцина алғысы келмейтін адамдарға жұмыс істеуде әртүрлі тәсілді қолдану қажеттігін атап өтті. Жалпы қазір коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1 - ші компонентін 5 млнға жуық, 2 - ші компонентін 2 млн 798 мыңнан астам адам салдырған.