Жылу желілеріндегі апатқа байланысты Екібастұз қаласының 49 мыңға жуық тұрғынына өтемақы төленеді. Монополист оны абоненттердің жеке есеп шотына түсіреді. Сондай-ақ жылу батареясы жарылып, бүлінген 50-ден аса пәтерді «ЕкібастұзЖылуЭнерго» кәсіпорыны өз есебінен жөндеп береді. Қазір шаһарда жеке сектордағы 29 үйде жылу жоқ. Сол аумақтағы ақауды жою үшін 200 адам жұмылдырылған. Ал көпқабатты үйлер тегіс қосылды. Бірақ стансадағы қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұрғанымен, қала ішіндегі желілерде жылумен қамту біркелкі емес.