Биыл қыркүйектің біріне дейін елге 300 мыңға жуық автокөлік жеткізілді. Олардың басым бөлігі көрші Ресей Федерациясынан әкелінген. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері хабарлап отыр. Жақын арада осы автокөліктерді заңдастыру процесі басталады. Қазір тиісті заң қабылданып жатыр. Мамандардың айтуынша, ең алдымен техника иесі «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш беріп, көлігін іздестіру базалары бойынша тексертеді. Кейін Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары оның нөмірлік агрегаттарын салыстырады. Қажет болса, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі. Осыдан кейін көлік иесі 200 мың теңге көлеміндегі бастапқы алым мен техпаспорт және мемлекеттік нөмір үшін арнайы баж төлеуге міндетті. Бұл талаптарды орындағандарға қазақстандық техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі.