Түркістан
EN

"Ортеке" биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енуі мүмкін

728
23.11.2022

«Ортеке» биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енуі мүмкін. Бұл іспен Мәдениет және спорт министрлігі еліміздің ұлттық комиссиясының жанындағы материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитетпен бірге айналысуда. Қазақ халқы ортекені «таутеке» деп те атайды. Оның тұрқы ешкіге ұқсас болғанымен ерекшелігі көп. Мәселен, мүйіздері семсер тәріздес. Ал тұяқтары құз-қиядан таймайтындықтан құз басында еркін жайылып жүреді.

Ортеке биі. Бұл қазақ мәдени тұрмысындағы саз аспаптарында ойнатылатын қуыршақ өнерінің бір үлгісі. Би технологиясында көрерменге көрінбейтін тұстар жетерлік. Алдымен ортеке арнайы тұғырға орнатылады да, домбырашының саусағына жіппен байналады. Күйші аспапта ойнай бастағанда қуыршақ билеп тұрғандай әсер қалдырады. 

Ортекенің тарихы туралы нақты ғылыми деректер әзірге жоқ. Десе де бүкіл түркі халықтарына тән дүние. Мәселен, айыр қалпақтылар арасында «тақ-теке» деген атпен кең тараған. Ал Данияр Жалқабаев бұл қуыршақ әуелде балалардың көңілін көтеру үшін ойлап табылғанын айтады. 

ДАНИЯР ЖАЛҚАБАЕВ – АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ «ЫҚЫЛАС» ХАЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАР МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ - Бұл бастапқыда балалардың көңілі көтерілу үшін ойлап табылған дүние. Негізінен домбыра аспабында ойнайтын адам ортеке мүсінінен шыққан ортаңғы саусаққа ілінеді. Төменгі жағында механизм бар. сондықтан күйші домбыра аспабын ойнағанда тау ешкілер секіріп, композицияның ырғағымен билейді. 

Оның жасау технологиясында өзіндік әдісі бар. Ортекеге қойылатын тұғыр ағаштан құрастырылып, беткі жағына ою-өрнектер ойылады. Тұғырдың ортасына темір сым өткізілген таяқша орнатылады. Сымның екі шеті иіліп, біріне қуыршақ, екіншісіне жіп жалғанады. Тағы бір ескеретін жайт, қуыршақты жасауға қайың, терек, шетен сынды ағаштарды қолданылады.

АБЗАЛ АРЫҚБАЕВ – КҮЙШІ - Ортеке қазақ мәдениетінің күні бүгінге дейін сақталған көне дәстүрлерінің бірі. Бұл туралы тек аңыз әңгімелерде, ертегілерде ғана айтылып, музыкалық аспаптарда ойнатылмаған. Оларды өз көздерімен көрсететін ата әжелер болған. Ал қазір бұл өнер қайта жандануда. Бірақ саусақпен санарлық музыканттар арасында ғана. Бұл өнерді насихаттау үшін біз Алматы қаласында халықаралық фестиваль өткіздік. Бір өкініштісі онда 15-ке жуық адам, 15 орындаушы болды. 

Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұражайының дерегінше, дәстүрлі дала қуыршақ театры қазақтарда ғана болмаған. Қырғыз елінің де бұл фигураларды қолданғаны туралы деректер бар. 

ЕРМЕК ЖАСЫБАЕВ – ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ОРТАЛЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ - Бұл дүниелерді сал серілер пайдаланған. Даланың театр өнерінің өкілдері десек те болады. Олар халықтың көңілін көтеру үшін ауылдарды аралаған. Көбіне балалардың көңілін көтеру үшін ортеке биі қойылған. Ортеке биінің ЮНЕСКО тізімен енуі үлкен оқиға болмақ. Бұл өз кезегінде шет елдік көрерменге дәстүрлі музыкалық және театр өнерімен танысуға мүмкіндік береді. 

Ертеде қалыптасқан мәдениет күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқаны көңіл қуантады. Өйткені бұл қазақ қуыршақ өнерінің бастауы. Алайда музыка зерттеушілері ортеке билету өнерін үйрету, жетілдіру әлі де жеткіліксіз деген пікірде.