Қаратаудың тәжі саналатын Кентау енді жаңа кейіпке енбек. Бүгінге дейін шешімін таппай тұрған мәселелер жан-жақты сараланып, жергілікті әкімдіктің жіті назарына алынған. Бүгін кенді қалаға арнайы сапармен барған облыс әкімі жүргізіліп жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді. Өңір басшысы Кентаудың қазіргі жағдайына қандай баға берді? Тілшіміз тарқатады.
Кентау десе есіңізге ең бірінші не түседі? Әрине, қалаға кіре беріс жердегі үлкен су қойма. «Қосқорған» деп аталатын бұл стратегиялық аймақтың салынғанына биыл 40 жыл. Су реттегіш ескіргенімен дамбалары талапқа сай. Алайда, жақын арада тағы да жаңартудан өтпек. Оның конкурстық құны: 492,3 млн. теңгені құраған. Су қойманың жұмысын өз көзімен көрген өңір басшысы жауаптыларға жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Кентаудағы тағы бір оңды іс былтыр ғана пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйлерге газ кіргізілуі. Өткен қыста жылусыз отырған тұрғындар, көгілдір отынға биыл ғана қол жеткізді. Енді сарышұнақ аязда әбігерге түспейтініне қуанған халық әкімге өз алғыстарын айтты.
Сондай-ақ енді Кентауда кәріз суларын тазартып, пайдаға асыру ісі қолға алынбақ. Оған жауапты «Улмад» ЖШС-і. Келісім шарт құны – 19 300мың.теңгені құраған. Мемлекеттік сараптама қорытындысы шыққан соң, жобаны іске асыруға қажетті қаржы бөлініп, кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылымдарының құрылысы іске асады.
Кентау қаласындағы Мырғалымсай кен орнында шахталық сутөкпе салу және тік дренаж ұңғымаларын орнату да жоспарда. Шахталық сутөкпеге тәулігіне ~109,5 мың м3 суды көтеру үшін 4 сорғы орнатылатын болады.