Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық түркітанушылар конгресі өтті. Жиынға түркі дүниесін зерттеп жүрген ғалымдар мен білім қайраткерлері қатысты. Ұлт ұстазын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған конференцияда Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми зерттеулері мен саяси көзқарасы сөз болды. Сондай-ақ алаш зиялысының Түркі жұртына тән қасиеттердің қаймағын бұзбай сақтап қалу үшін жасаған қадамдары талқыға түсті.
Халықаралық ғалымдардың басын қосқан шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзімен басталды. Ел президенті түркі дүниесінің тарихын тереңінен қозғайтын конгрес ерекше мәнге ие екендігін жазбаша түрде жеткізген.
Тек қазаққа ғана емес тегіс түркі жұртына таныс Ахмет Байтұрсынұлы тіл, дін, саясат пен мәдениет салаларын толық қамти алған. Бұл сөзіміз бүгінгі конференция дәлел. Ұлт ұстазының ең ең үлкен ерлігі қазақтың төл әліппесін қалыптастыруы. Бүгінгі шарада Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Башқұртстан және еліміздегі белді университеттердің белгілі ғалымдары баяндамалар оқыды.
Ахмет Байтұрсынұлы 20 ғасырдың басында ұлтшылдығы, қайраткерлігі үшін талай қудаланып, сүрлеуден өтті. Большевиктер оның есімін де, еңбегін де тарихтан өшіруге тырысып бақты. Соның өзінде Ахмет Байтұрсынұлы елдің ертеңі үшін бір сәт те берілген емес. Бүгін білімгерлердің баяндамасынан соң Байтұрсынұлының қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдеріндегі таңдамалы шығармалары мен 12 томдық жинағы көпшілік назарына ұсынылады. Сондай-ақ «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің шетел архивтерінен, кітапханалардың сирек қолжазбалар қорынан алынған материалдары бойынша әзірленген жинақтың тұсаукесері өтті.
Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлы бейнеленген таспаның түпнұсқасы елге жеткізілген еді. 1926 жылы Бакуде түсірілген кадрлардағы адамның Ұлт ұстазы екеніне мамандар күмәнмен қараған еді. Архив құжаттарын ақтарған ғалымдар бейнежазбадағы адамның Байтұрсынұлы екенін дәлелдеді. Айта кетейік, биыл ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілуде. Мәселен биыл «Қазпошта» АҚ мерейтойлық 2 миллион пошта маркаларын әзірлеп, қолданысқа енгізген болатын. Ал, ұлттық банк «AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.