Түркістан облысын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте аталған саладағы мәселелер мен жоспарлар талқыланды. Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның айтуынша, өңірде туристер санын арттыру бағытында жан-жақты зерттеулер, сараптамалар жасалып, жұмыстар атқарылуда. Түркістанның басты бренді әрі құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі. Бүгінде зиярат етушілері саны артып келеді. Дегенмен туризм өңірге нақты табыс әкелуі үшін саяхатшылар облыс пен Түркістан шаһарында кем дегенде 2-3 күн аялдайтын жағдай жасау қажет деді облыс әкімі. 2021 жылы Түркістандағы кесенеге 1,4 млн. адам зиярат етсе, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны қалада 100 мыңға жуық адамды құраған. Мәжілісте инфрақұрылымды жақсарту, туристік аймақтарға жол салу, өңірдің ерекшелігіне сәйкес жаңа құндылықтар мен брендтер қалыптастыру жайы да сөз болды. Сонымен бірге шығыс базарының жұмысын жандандырып, қолөнершілер мен жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндігін тиімді пайдалану жолдары да талқыланды. Облыс әкімі туризм саласының Түркістан өңірі үшін аса маңызды екенін айта келе, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне тапсырмалар берді. Саланы жүйелі дамыту бойынша стратегиялық жоспар жасауды жүктеді.