Түркістан
EN

Түркістан облысында 30 мың адам қант диабетіне шалдыққан

156
15.11.2022

Бүгін дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні. Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы аталған дертке шалдыққандар саны 537 млн-нан асқан. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 430 мың адамды құрайды. Ал Түркістан облысында кірпияз кеселмен күресушілер саны 30 мыңнан асып отыр. 

66 жастағы Әлиақбар қария «Қант диабетіне шалдыққалы тәтті жеуден қалдық» деп қалжындайды. Аталған кеселмен 1,5 жылдан бері күресіп келеді екен.

Ал 52 жастағы Райхан Бекметова сырқатты тек асқынған сәтте бір-ақ байқаған. Айтуынша, қант диабеті салдарынан бірден көп салмақ қосып, суды мөлшерден тыс іше бастаған.

Диабет – зат алмасу про¬цесінің бұзылуынан болатын эндокринді аурулар тобына жатады. 21 ғасыр эпидемиясымен күреске жыл сайын мемлекет есебінен 1 миллиард доллар қаржы бөлініп, диабетке шалдыққан науқастарға 23 түрлі дәрі мен 7 түрлі медициналық бұйым тегін беріледі. Мамандардың айтуынша соңғы 10 жылда елдегі пациенттердің саны 2 есе өскен. Оның ішінде жастар да аз емес.

Соңғы жылдары қант диабеті мүгедектік пен өлім жағдайларына әкеп соғуда. Сондықтан ауруды ерте анықтау және алдын алу мақсатында елімізде халықтың нысаналы топтарына скринингтік тексерулер жүргізілуде. Биылғы 9 айда аталған сырқат бойынша жоспарланған 65720 тұрғынның 93 пайызы скринингтік тексеруден өтіп, 552 науқас анықталды.