Түркістан
EN

Стамбұлдағы жарылыс: Зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ

113
15.11.2022

Стамбұлдағы жарылыста қаза тапқандар мен жаралылардың арасында қазақстандықтар жоқ. Еліміздің Түркиядағы Бас консулдығы осылай деп мәлімдеді. Ал, террактіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 21 адам қамауға алынды. Алдын ала мәліметтерге сай жарылысты «Күрд жұмысшы партиясы» террорлық ұйымы жасаған. Соңғы ақпараттар бойынша зардап шеккен 80-нен астам азаматтың 50-і дәрігерлік бақылаудан кейін үйлеріне қайтарылыпты.

Қанды оқиға 13 қараша күні сағат 16.20-да Түркия елінің Ыстанбұл қаласындағы басты туристік көше Истикляльда болды.  Бомба салынған сөмке туристер көп жүретін Таксим алаңының жанында іске қосылды. Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер неғұрлым көп болуы үшін сенбінің күндізгі уақыты әдейі таңдалған.

Жарылыстан кейін ауданға бірнеше жедел жәрдем қызметі және өрт сөндірушілер келген. Аудан қоршауға алынды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жарылыстан 6 адам қаза тауып, тағы 81 адам зардап шеккенін мәлімдеді. 

РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бұл шабуылды террорлық әрекет деп атаған дұрыс емес шығар. Алайда губернатордың берген ақпараттары көңілге күдік ұялатады. Шабуылды әйел адам жасауы мүмкін. Жарылыс болған уақытта төтеншеліктер бірден оқиға орнына жетіп үлгерді. Зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Кінәлілерді анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Олар лайықты түрде жазаланады. Оған ешкімнің күмәні болмасын».

Ал бүгін полиция жарылғыш заты бар пакетті қаланың туристік орталығында қалдырған күдікті әйелді ұстады. Бұл туралы Түркия ІІМ-нің басшысы мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, ұсталған әйелдің күрд террористік ұйымдарына қатысы бары анықталған.

ФУАТ ОКТАЙ - ТҮРКИЯНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: «Біз мұны террорлық әрекет деп есептейміз. Ақпараттар осыны растап отыр. Марқұмдардың туыстарына көңіл айтамыз. Мұның артында кім тұрса да оның жазасы ауыр. Ол әлемнің арғы жағында болса да Түркияға жеткізіледі. Біз қандай жағдай болса да қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Мұны барлығы білуі тиіс».

Еліміздің Түркиядағы Бас консулдығы Стамбұлдағы жарылыста қаза тапқандар мен жарақат алғандар арасында қазақстандықтар жоқ.  Бас консулдық Түркиядағы қазақстандықтарға, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде барынша сақ болуға кеңес берді.