Түркістан
EN

Түркістан облысының Шардара ауданында күріш жинау науқаны аяқталды

234
15.11.2022

Түркістан облысында күріш егетін жалғыз шаруашылық ақмаржанның ерекше сұрпын өсіріп, көрші елдерге экспорттауда. Биыл өңір диқандары 600 гектар алқапқа күріш егіп, 5 мың тоннаға жуық өнім алған. Күн райы қолайлы және ағын су жеткілікті болғандықтан, биыл қырман берекелі. Күріштің құны да, өнімділігі де жоғары дейді мамандар. 

Шардаралық диқандар жыл өткен сайын ағын судан таршылық көрген соң, өзге дақылдарды өсіруге бет бұрған. Дені қауын-қарбыз ексе, енді бірі мақта өсіруде. Биылғы күз егіншілікке қолайлы және ағын су жеткілікті болғандықтан, қырман берекелі. Күріштің  өнімділігі де сату құны да жоғары.

ТАЛҒАТ ӘЛІМҚҰЛОВ ШАРДАРА АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ - Соңғы жылдары суды аз қажет ететін дақылдар бойынша барынша алқапты азайтып, биылғы 2022 жылы жалғыз бір ғана қожалық екті 600 гектар. Жалпы өнімділігі жаман емес, әрбәр гектар алқаптан 79-80 центнерден түсім түсіп жатыр. Яғни 4800 тоннадан астам дәні қамбаға түскен жайы бар. 

Қазір облыс бойынша  күріш өсіретін Шардарадағы жалғыз шаруашылық  егістіктен мол өнім жинап алды. Дайын өнім қамбаларға жеткізіліп, өңделуде. Шаруашылықтың арнайы цехында тәулігіне  20 тоннаға дейін күріш шығарылады.     

НҰРЖАН АҚНАЗАРОВ - ЦЕХ МЕҢГЕРУШІСІ - "Егемен" мен "Лазер" егетін едік. Енді биыл "Лидер" деген қостық. "Лидердің" өзі болады екен біздің жерлерімізге. Бұл енді жылдық өнімімізді кемінде 10-11 айға шейін өңдеп, халыққа сатамыз.

Мұнда ауылдың 30-ға тарта тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар  ақ маржанды тазалап, қаптайды. Ал, тапсырыс бергендер жүк көліктерін жіберіп, өздері алып кетеді. 

МАДИЯР ҚОЖАСОВ - ЖҰМЫСШЫ - Осы зауыт құрылғалы істеп жатырмыз. Жұмыс тұрақты. Жыл он екі ай істеп жатырмыз. Айлығымыз әйтеуір жеткілікті. 150-180-нің арасы.

Дайын өнім көрші Өзбекстан мен Қырғызстанға, Ауғаныстанға экспортталады. Еліміздің Ірі қалалары Алматы, Астана, Қарағанды мен Шымкентке тасымалданады. Сұраныс көп болған соң, өнім сапасын жақсартуға күш салып жатырмыз дейді диқандар. Бүгінде кәсіпорынға жаңа қондырғылар орнатылып, күріштің сорттары көбейген.