Түркістан
EN

Төтенше жағдайлар министрі Түркістанға келді

87
14.11.2022

Өрт сөндірушінің өмірі қанша тұрады? Қауіп қатердің қақ ортасында жүрген жандардың айлық табысы орташа жалақыдан 2 есе төмен. Түркістанға қызметтік сапармен келген төтенше жағдай министрі мәселені майшаммен қарап жүрміз дейді. Бірақ нақты шешім әлі көзге көріне қоймады. Юрий Ильиннің шаһар халқымен кездесуінде құтқарушылардың қызметінен бөлек, төтенше жағдайлар туралы да сөз болды. Тақырыпты Алтынбек Әмит ашып айтады. 

Жыл басынан бері Қазақстанда 570 адам төтенше жағдайдан мерт болды. Бірақ сандар бұдан да көп болар еді. Егер құтқарушылар болмаса. Сондықтан төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсалады. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. 

Өрт пен оттың, тау мен тастың арасында қалған мыңдаған адам құтқарушылардың арқасында аман қалады. Мәселен биыл төтеншеліктер 10 мыңға жуық адамды құтқарып, 60 мыңнан аса тұрғынды эвакуациялаған. Бірақ, сондай көзсіз батырлық жасап жүрген жандар жалақыға жарымай жүр. 

ЮРИЙ ИЛЬИН – ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ - Біз аз-ғана жалақы беріп қызметкерлеріміздің басын қауіпке тігіп отырмыз. Тіпті өз жұмысын абыроймен орындап қаза тауып жатқандар да бар. Сондықтан құтқарушылардың айлық табысын арттыру туралы құжаттар үкіметке жолданған. Аз уақытта шешілетін мәселе емес әрине. Бірақ алдағы уақытта бұл проблема оңтайланады. 

Юрий Ильиннің Түркістан жұртымен кездесуінде өңірдің қауіпсіздігі сөз болды. Соның бірі - Арыс қаласы аумағында залалсыздандырылып жатқан снарядтар жарылысынан Көксарай су реттегішіне келер қауіп туралы.

«Көксарай» су қоймасы маңызы жоғары стратегиялық нысан екендігін айтып өткен министр бұл бағытта ешқандай қорқыныш жоқ екендігін жеткізді. Су қоймасының жұмысы бақылауда деді.