Түркістан
EN

Кентау қаласындағы көпқабатты 10 тұрғын үйге газ жеткізілді

128
11.11.2022

Кентау қаласындағы көпқабатты 10 тұрғын үйге газ жеткізілді. Құрылысы 2020 жылы аяқталған баспана 2021 жылы қолданысқа беріліпті. Алайда жаңа үйге қоныстанған 600 отбасы бір қысты жылусыз өткізген. Көптен күткен қуанышқа кенелген пәтер иелерімен тілшіміз Назым Қайратқызы тілдесіп қайтты.

Бұл Кентаудағы «Нұрлы-жер» бағдарламасы аясында жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер. Тұрғындарының бүгінгі көңіл-күйі көтеріңкі. Себебі бір жыл бұрын қоныстанған пәтерлеріне көгілдір отын жетіп, баспананың берекесі кірген. Айтуларынша осы күнге дейін тұрғындар электр пешімен күнелтіп келіпті.

Көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге тапсырылған үйлерге осы күнге дейін жылу неліктен берілмеді? Мәселе ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің назарына іліккен.

Арнайы мониторинг жүргізген антикор қызметкерлері анықталған кем-кетіктерді облыс әкімінің назарына ұсыныпты. Осылайша аймақ басшысы  Дархан Сатыбалды мәселені қатаң бақылауына алып, жауаптыларға мәселенің тез арада шешілуін тапсырды. 

Мамандардың айтуынша, бұл үйлер газбен жылынуы тиіс болған. Ал көгілдір отын Кентау қаласына тек осы жылдың сәуір айынан бастап беріле бастапты. Өткен қыста жылуы жоқ үйге тұрғындар өз жеке өтініштері бойынша қоныстанған, пәтер иелеріне үйлерге газ тек 2022 жылы берілетіні ескертілген дейді жауаптылар.

Қазір «көгілдір отынмен» қаланың 18 200 абоненті қамтылған. Газдандыру 3 кезеңмен жүргізілуде. Бірінші кезең бойынша газ жүйесіне қосылуға тұрғындардан 900 өтінім түскен. 200 ге жуық тұрғынның құжаттары рәсімделіп, бүгінде олар көгілдір отынның шарапатын көруде.