“Бала Жамбыл” атымен көпшілікке танылған Жамбыл Дүйсенов

3496
10.11.2022 03:33

Небәрі 4 жасыннан жыр жазып, 7 жаста жыр кешін жасап елді аузына қаратқан ақын баланы білесіз бе? Таудай талабымен талайды таңдандырған Жамбыл Дүйсенұлы зеректігінің арқасында түрлі байқауларда топ жарған. Тіпті, өз қатарластарынан мектепті 3 жыл ерте аяқтапты. Елге бала Жамбыл болып танылған ақын туралы келесі бейнематериалдан көріңіз.

"Сарқытымын Жамбыл қарттың, Жамбыл менің есімім" деп жырлаған кішкентай ғана ақын бала есіңізде ме? Сол кезде мектеп табалдырығын жаңа аттаған Жамбыл бүгінде сымбаты келіскен жас жігіт. Мектепті "Алтын белгімен" бітіріп, қиялы жоғарғы оқу орнынының журналистика факультетіне жетелепті. Ол өзінің біраз уақыт көрінбей кеткен себебін де осы білім алумен байланыстырады. Дегенмен,ақын жігіт бүгін халықтың қошеметіне бөленуге келдім деп ағынан жарылды.

ЖАМБЫЛ ДҮЙСЕНҰЛЫ – АҚЫН - Өздеріңіз білесіздер өнерге тәй тай басып келгенде фариза апайымыз тұсауымды кесіп, зиялы қауым қолдау көрсетіп,батасын беріп арқамнан қақты. Сондай қуанышты сәттерімді мен қалай ұмытамын. Сол үшін осы киелі қалаға өзімнің жыр кешімді беру үшін келіп отырмын.

Иә, қате естімедіңіз. Жамбыл ақын 15-қарашада дәл осы руханы астанада жеке кешін өткізеді.Жамбылдың бұл жолғы жыр кеші бұған дейін өзге өңірлерде өткен кештерінен ауқымдырақ болмақ.Онда ақынның отты өлеңдерінен бөлек, өңірдің эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Қара өлеңнің қасиетін бойына сіңірген Жамбыл мұнымен тоқтамақ емес. Түркістаннан кейін еліміздің өзге өңірлеріне кеш беруді жоспарлап отыр.Сонымен қоса ол, енді әлеуметтік желіде де белсенді болуды қолға алыпты.Еске сала кетейік, жас ақынның бұған дейін 2 кітабы жарық көрген. Енді бозбала келер жылы 3-кітабының тұсауын кеспек. Оның айтуынша жаңа туынды 10 мыңға жуық таралыммен жарық көреді.