Өмірін өлеңмен өрген түркістандық жас ақын Санжар Ғұламаның «Түркістаным – жыр әнім» атты шығармашылық кеші өтті. Оған Астана, Алматы Шымкент, Қызылорда, Тараз қаласынан өлең жанашырлары мен көркем сөз оқу шеберлері келді. Бұл жыр кешінде ақынның «Үзілмеші үмітім» атты кітабының тұсауы кесілді.
Санжар - өзінен бұрын өзгенің жайын ойлайтын, өлеңімен жүреке еніп бойлайтын, бұл өмірдің сынына талай түссе де, өмірге деген сүйіспеншілігін жоймайтын ақын. Бұл кеште оның сөзіне жазылған 15 жаңа ән шырқалды. Оны еліміздің түкпір-түкпірінен келген әншілер орындады.
Ақынның жауһар жырлары бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Елімізге танымал көркем сөз оқу шеберлері әлеуметтік желіде кеңінен таралуына үлес қосты. Ұйымдастырушылар поэзия арқылы Түркістанның туризміне үлес қосқымыз келді дейді.
Айта кетейік, Санжар Ғұлама - Қазақстан Республикасының Журналистер, Әлем халықтары жазушылар, Дүние таланттары, Түркі әлемі жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы.