Түркістан
EN

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Түркістанға келіп, сайлауға әзірлік жайын пысықтады

339
08.11.2022

Түркістанда президент сайлауын ұйымдастыру және өткізу бойынша семинар өтті. Жиын орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен болды. Сондай-ақ басқосуға облыстық полиция департаменті, облыстық басқармалар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Облыс бойынша 919 сайлау учаскесі болса, қала бойынша 50 сайлау учаскесі жұмыс жасамақ. Сонымен қатар 2229 комиссия мүшелері бар. Бүгінде нақты қанша сайлау учаскесі жұмыс жасауға дайын? Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай жағдайлар жасалған? Толығырақ тілші тарқатсын

Бүгінгі басқосудың мақсаты алдағы болатын сайлауды заң талабына сай, әділ өткізу. Осы тұрғыда жан-жақтан жиналған түрлі сала басшылары пікір алмасты. Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясының хатшысы облыстағы Мақтарал, Жетісай және Келес секілді аудандарының жағдайларымен танысып келгенін айтты. 

МҰХТАР ЕРМАН, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ - Қазіргі таңда орталық сайлау комиссиясының басшылылары мен мүшелері арнайы кесте бойынша Республикадағы барлық өңірді аралап жүрміз. Ең бірінші мақсатымыз дайындық деңгейін қарау. Учаскелік комиссиялардың жұмысы қаншалықты жүріп жатыр?  Учаскелердің қазіргі техника жағынан байланыс жағынан қалай жабдықтандырып жатыр?Тағы үлкен мәселе сайлаушылардың тізімін қарап жатырмыз.

Бүгінде президент жарлығы шыққалы сайлауды өткізу мәселесі өз мезгілінде, кезең-кезеңімен атқарылуда. Қазіргі таңда өңірде 919  сайлау учаскесінің 901-і жұмыс жасауға дайын. Қалған 18 участок бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

ӘЛІБЕК ӨМІРӘЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ  - Түркістан қаласының сайлау учаскелерінің төрағаларының бәрін қатыстырып отырған себебіміз: көп мәселе сайлаудың әділ өтуі   осы сайлау учаскелерінің мүшелеріне байланысты. Сол азаматтардың біліктіліктеріне байланысты. Солардың жауапкершіліктеріне байланысты. Сол үшін осы мәселелерге жете көңіл бөліп отырған себебіміз осы. 

Сондай-ақ сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі бойынша мәселелер қаралды. Қазіргі таңда облыста 97 101 мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Олардың 60 пайызы сайлауда дауыс беру құқығына ие. Оның ішінде көру және есту қабілеті төмен азаматтарға сайлау учаскелерінде қажетті жағдайлар жасалыпты. 

КҮМІС МИРОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы бұрыштар жасалған. Одан бөлек 36 инва такси, 42 әлеуметтік такси, есту қабілеттері бұзылған азаматтар үшін 101 ымдау мамандары тартылады.

Одан бөлек сайлау күні полиция департаментінің жеке құрамы да қарқынды жұмыс атқармақ. Осы тұрғыда мекемеде сайлауалды арнайы штаб құрылады. Сондай-ақ науқан кезінде құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 1830 полиция қызметкерлері жұмылдырылады. Ал аудандарға полиция департаментінің басшылық құрамынан 18 жауапты мамандар жіберілмек.