Маңғыстау облысында соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр. Өңірдің өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту керек. Бұл туралы ел президенті Маңғыстау өңіріне жасаған сапарында баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайлы өлкеде экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар екендігін атап өтті. Сондай-ақ Президент Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамыту керек екенін айтты.
Әдеттегідей, облыс жұртшылығымен кездесуде Президент баяндамасының басым бағыттары экономика мәселесіне арналды. Мұнайлы өңірде соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыз қалған азаматтар арасында наразылықтар туындаған. Жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтың экономикасын әртараптандыру үшін президент шикізатты қайта өңдеу бойынша дайын өнім шығаратын өнеркәсіп орындарын ашу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Маңғыстаудың ұтымды географиялық орнын әлемдік транзит орталығына айналдыру басты мақсат екендігіне тоқталды.
Өңірде сапалы ауыз судың жетіспеуі тұрғындарды алаңдататын өткір мәселелердің бірі. Аймақ тұрғындар санының өсімі бойынша елімізде бірінші орында тұр. Сол себепті 2025 жылға қарай суға деген сұраныс 260 мың текше метрге жетуі мүмкін. Сұранысты өтеу үшін 9 зауыт салынбақ. Биыл 12 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Маңғаз даланың тағы да бір өзекті мәселесі қуаңшылық салдарынан мал басының қырылуы.
Мемлекет басшысы қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде маңғыстаулықтар ел тағдыры жолында жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсеткендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, өңірдегі балабақша тапшылығын жою үшін биыл 17 балабақша салынса, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша алдағы 3 жылда Маңғыстау аймағында 21 мектеп салынатын болады.