Баба тарихтың куәсі – ежелгі Тараз. Осындай атаумен Отырар ауданынының музей қорығында жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті. Игі шара «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ұйымдастыруымен болды.
АЙДАНА ОМАР - ТІЛШІ - Біз қазір Отырар ауданындағы мемлекеттік археологиялық музей-қорығындамыз. Бұл жерде дәл қазір Тараз қалашығынан табылған құнды да бірегей жәдігерлерден тұратын жылжымалы көрменің ашылуы өтпек. Ендеше бірге көне тарихтың куәсі болған бағалы мұралармен бірге танысайық.
Топырағын түртсең тарихы сөйлейтін өңірде қазіргі таңда екі үлкен музей жұмыс жасауда. Соның бірі 40 жылдық тарихы бар Отырар мемлекеттік археологиялық музей қорығы. Бүгінгі ежелгі Тараз бен Отырардың тарихы мен мәдениетін байланыстыратын шараға аудан жұртшылығы мен зиялы қауымдар қатысты. Көрменің лентасын ауданның ардагер археологы мен музей директорының міндетін атқарушы Жангелді Махашов қиды.
Көрменің ашылуына «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының қор сақтаушылары 200-ге жуық құнды жәдігерлер әкелді. Көрмеге 8-9 ғасырлардағы соғдылық үлгіде жасалған қыш құмыралар, табақтар және көзелер секілді жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ әр кезеңге жататын монеталар да бар.
Шара соңында Отырар аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әуелетіп ән салып жиынның сәнін кіргізді.