Түркістан облысының ең әдемі аруы белгілі болды. «Мисс Түркістан – 2022» ұлттық сұлулық байқауы өз мәресіне жетті. Конкурсқа қатысу үшін 700-ге жуық бойжеткен өтінім білдірген. Олардың ішінен 50-і іріктеліп, финалға 8 ару жолдама алды. Жеңімпаз Алматы қаласында болатын «Мисс Қазақстан-2022» байқауында өңірді таныстыратын болады.
Сұлулық байқауының шарты бойынша үміткердің бойы 165 см-ден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 17 мен 25 жас аралығындағы тұрмыс құрмаған кез-келген аруы қатыса алады. Финалда бойжеткендер 3 тур бойынша өзара бақ сынады. Таныстыру, өз өнерін көрсету, кешкі көйлектер көрсетілімі. Қазылар алқасына бірінен-бірі өткен сұлу әрі ақылды қыздардың арасынан жеңімпазды анықтау оңайға соқпапты.
Конкурс қорытындысы бойынша 3- орын– Аяулым Тоқтасынға, 2-орын Жанерке Айтбайға, 1-орын Роза Рузбаеваға бұйырды. Ал, «Мисс Түркістан-2022» байқауының тәжіне 17 жастағы Назерке Абылайхан ие болды. Ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 1 курс студенті.
«Мисс Түркістан» атанған бойжеткен республикалық сайыста Түркістан облысын таныстыратын болады. Жобаның мақсаты – жастарды сүйіспеншілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу, ұлттық рух пен мәдени мұраның құндылығын ұғындыру.