Түркістан
EN

Мемлекеттік грант иегерлерінің көрмесі өтті

285
02.11.2022

Биыл Түркістан облысында 3 000-ға тарта тұрғын мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант иегері атанды. Олар бір жолғы көмек арқылы өз кәсіптерін алға жылжыту мүмкіндігіне ие бола алады. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген жандардың өнімдері Түркістан қаласындағы Фараб кітапханасында көпшілікке таныстырылды. Онда отандық өнімдерден бастап, елімізге енді келген кәсіп түрлерінің көрмесі өтті. Тақырыпты толығырақ тілшіміз тарқатады. 

Бауыржан Маханов Жетісай ауданының тұрғыны. Бүгінгі көрмеге кір жуғыш ұнтақ пен сабын өнімін алып келген. Барлығы да отандық өнім. Мемлекет беретін 1 200 000 теңге грантқа ол өз үйін шағын кәсіпорынға айналдырыпты. Сондай-ақ 4 бірдей тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде Бауыржанның қолынан шыққан тазалыққа арналған өнімдер елімізден үлкен сұранысқа ие болған.

БАУЫРЖАН МАХАНОВ – ЖЕКЕ КӘСІПКЕР - Өзім мемлекеттік қызметті тастап кәсіпке бет бұрдым. Бірақ өңірде жоқ істі қолға алғым келді. Сондықтан осында сабын, кір жуу ұнатағын шығаруды қолға алдым...

Бүгінгі көрмеге Бауыржан секілді 50-ге жуық кәсіпкер қатысты. Барлығы да отандық өнім шығаруды қолға алған. Кейбірі тіпті қайтарымсыз қаржымен тоқтап қалмай, кәсіптерін кеңейту үшін жеңілдетілген несие де алған. 

ТҰРАР КЕРІМҰЛЫ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРАМАСЫ БАСЫШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - Қайтарымсыз грант алуға ниеттілер саны жылдан жылға артып келеді. Халықтың ақшасын кез-келген адамға бермейміз. Оның нақты бизнес жоспарымен танысып, кәсіпке икемділігін анықтаймыз...

Облыста жаңа бизнес идеяларды іске асыруға ниетті үш мыңға тарта азаматқа грант берілген. Алайда қайтарымсыз қаражатты заңсыз алғандар да анықталды. Тиісті тексерулер нәтижесінде 18 млн теңге мемлекетке қайтарылған. Мамандар бұл қаражат кезекте тұрған өзге азаматтарға үлестірілетінін айтады.