Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы Анадаолы жерінде аталып өтті. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бастап Қазақстанның елшілігі қостап Анкара университетінде халықаралық конференция өтті. Түркияның төрт бұрышы мен алыс жақын шетелдерден ғалымдар келіп қазақ қаламгерінің өмірбаяны мен шығармашылығын сөз қылды. Шара барысында Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірті болған Зейнолла Қабдоловтың Менің Әуезовім кітабының түрік тіліне аударылған нұсқасы таныстырылды. Туындыны ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен қазақтың белгілі ақыны Әсем Ережеқызы тәржімалады. Конференцияға жиылған ғалымдар Әуезовтің түркі әлеміне ортақ тұлға екенін айтты. Әсіресе оның бауырлас қырғыз елінің әдебиетіне қосқан үлесі ерекше талқыланды. Жиынға қатысушылар Мұхтар Әуезовтің әйгілі Манас жырын сақтап қалуда атқарған еңбектерін тілге тиек етті. Шарада ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы қазақ жазушысының еңбегін зерттеп оны танытуға үлкен үлес қосқан бірқатар азаматты халықаралық Әуезов медалімен марапаттады.