Түркістан облысындағы мақта бағасын тұрақтандыру үшін алдағы жылдары инвесторлар тартылмақ. Сондай-ақ, шитті мақтаны терең өңдейтін кәсіпорындар ашылатын болады. Мамандар осындай тұжырымға келді. Бұл туралы облыс әкімдігінінде өткен алқалы жиында сөз болды. Жиынға министрлік өкілдері парламент мәжілісінің депутаттары арнайы қатысты. Сондай-ақ мақта зауыттарының басшылары мен диқандар да болды. Толығарақ тілшіміз тарқатады.
Биыл облысымызда мақта бағасы нақты белгіленбей әрі тұрақсыз болып тұр. Өзекті мәселенің салдары агроқұрылымдардың наразылықтарын тудыруда. Туындаған мақта мәселесін шешу мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалды тиісті сала өкілдерінің қатысуында жиын өткізді.
Шитті мақта тек шикізат күйінде экспортталатындықтан шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді. Баға мәселесін тұрақтандыру үшін елімізде мақта кластерін жетілдіріп, жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту өте маңызды.
Биылға дейін мақта бағасы жиын-терім маусымында нақты бекітілетін. Елімізден шығатын шикізаттың негізгі тұтынушылары Шығыс Еуропа мен Ресей, Белорусь пен Балтика елдері болатын. Әлемде болып жатқан геосаяси жағдайларға байланысты логистикалық желілердің күрделеніп, тасымалдау шығындарының бірнеше есеге өсуі бағаның нақтылануына кедергі жасауда. Дегенмен, тасымал мәселесі де жақын жылдары өз шешімін таппақ.
Жиынға қатысқан мәжіліс депутаттарын шаруаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау мәселесі алаңдатты. Жергілікті диқандармен бетпе-бет жолығу арқылы Түркістан облысы бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуге шақырды.
Облыс әкімдігінде талқыланған өзекті мәселелерге байланысты ұсыныстар алдағы уақытта өтетін Үкімет отырысына жолданатын болады. Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Бүгінде Ливерпуль биржасында орта талшықты мақта бағасының 1 тоннасының баға көрсеткіші 93,75 индекс, яғни шитті мақтаның болжамдық бағасы тоннасына 231,9 мың теңге айналасында.