Түркістанда «Түркі әлемінің орталығы» нысанының сәулеттік-көркемдік келбетін, кешенді сәулет тұжырымдамасын әзірлеу үшін республикалық ашық байқау ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен сәулетшілер қатысып, 17 жоба ұсынылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған арнайы көрмеге қойылған жобалармен танысып, сәулетшілер мен мүсіншілерді қабылдады. Жобаларды жетілдіру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Байқауға қатысушыларға Түркістанның тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа нысанның тұжырымдамасын әзірлеу талабы қойылған. Түркі әлемінің орталығы ғимараты түркі тілдес елдердің бірлігі мен ынтымағын білдіретін рухани орталыққа айналуы тиіс. Байқаудың екінші кезеңіне іріктеуден өткен үздік жобалар жіберілетін болды.
Сондай-ақ, облыс басшысы түрксой ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Түркі тілдес елдердің өнері мен мәдениетін дәріптейтін ТҮРКСОЙ-дың киелі Түркістан қаласында кеңсесі ашылуы мүмкін. Тараптар күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанды жаһанға паш ету жолындағы тың жобаларды талқылады. Түркі әлемінің ынтымақтастығын арттыруға арналған маңызды жобалардың іске асырылғаны айтылды. Облыс басшысы халықаралық ұйымның маңызды қызметін айрықша атап өтті. Өз кезегінде, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы түркі әлеміне ортақ шаралардың бірқатарына тоқтала кетіп, келер жылы Түркістанда жастар арасында өтетін этнофестиваль мен халықаралық форумның маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «Turkistan» телеарнасын түркіге ортақ ақпарат алаңына айналдыру мәселесі сөз болды. Халықаралық телеарнаның ақпарат алмасу мен медиа кеңістік қалыптастыруға бағытталған алтын көпір болуы жолында түркітілдес елдерде бөлімше ашу туралы да айтылды.