Шұғыл шақыртулар кезіндегі жол ережесін елемеген жүргізуші өрт сөндіру көлігімен соқтығысып, мерт болды. Қайғылы жағдай Алматы көшелерінің бірінде болған. Жүйткіп бара жатқан өрт сөндіру қызметінің көлігі жарық және дыбыс сигналдарын қосып, бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан көше қиылысында бұрылыс жасаған. Сол сәтте тайота камри автокөлігімен соқтығысып, оны бірнеше метр жерге дейін сүйреп әкеткен. Салдарынан екеуі техника да жол жиегіндегі бағдаршамды қиратып, арыққа түсіп әрең тоқтаған. Мыжылып қалған жеңіл автокөліктің жүргізушісі сол жерде тіл тартпай кетті. Көлікте одан басқа ешкім болмаған. Құтқарушылар марқұмның денесін әрең алып шыққандарын айтады. Оған медициналық көмек көрсетілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ал өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілген. Жол полициясының қызметкерлері жедел жұмыс істеп, барлық мән-жайды жан-жақты анықтап жатыр.