Жер қойнауын пайдаланушылар отандық кәсіпорындардан тауар сатып алуды азайтқан. Қазіргі бұл көрсеткіш небәрі 17 пайыздың төңірегінде. Бұл туралы Үкімет отырысында ел Премьер-министрі Олжас Бектенов айтты. Оның сөзінше отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында биыл 200-ге жуық кәсіпорын ашу жоспарланған. Оларға жұмсалатын қаржы 1 жарым трлн теңгеден асады. Алайда, осы кезге дейін жұмыс істеп келген кәсіпорындардың тауарын сатып алудың өзі көңіл көншітпей тұр. Үкімет басшысы жағдайды жақсарту үшін жедел шешім қабылдау қажет дейді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Бұл тетік құрылыс саласында, мемлекеттік сатып алуларда, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында ғана емес, жеңілдікпен қаржыландыру алу кезінде де белсенді қолданылуға тиіс еді. Сол үшін мемлекеттік сатып алу аясында тек отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесін кеңейттік. Алайда, есепті деректерге сәйкес, 9 айдың қорытындысы бойынша жасалған шарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмендеп кеткен.