Түркістанда 100 жылдан кейін тарихи ас әзірленді. «Әлім ботқасы» деп аталатын тағам егінші қазақтар арасында кеңінен танымал екен. Ертеректе мұны құдайы ас ретінде тегін таратқан көрінеді. Осылайша тарихи шаһарда көне дәстүр қайта жаңғырды.
Көне астың шығу тарихы да тереңде жатыр. Оған қатысты түрлі ақпараттар тараған. Бір деректерде қалім, әлім ботқасы деп аталса, енді бірінде атала көже деп көрсетілген. Ал этнограф ғалымдар «шүлен» деген атау кездесетіндігін айтады.
МҰХТАР ҚОЖА – ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ - Массон деген белгілі тарихшы болған Қожа Ахмет Ясауи туралы 30-жылы кітап жазып шыққан, 28 жылы мақала жазып шыққан сонда қаншама бидай болған ет болған ара қатынасын жазып кетеді. Қазандық бөлмесінде асханадан шығарып сол жерде ағаш астауларға салып әкеліп, барлығына соны таратқан. Бұл енді Қожа Ахмет Ясауиді еске алу деген сияқты сондай үлгіде жазылған.
Ал мейрамхананың бас аспазы Нұрбол Садырханұлы көне тағамды әзірлеу үшін біршама уақыт кеткенін айтады. Әуелі шығу тарихын зерттеп, этнограф, ғалымдармен кеңескен екен. Аспаз жаңа технологияларды қолдана отыр көне тағамды көпшілікке ұсынды.
НҰРБОЛ САДЫРХАНҰЛЫ – АСПАЗ - Қозының жеңсік еті мен бидай жармасын қолдану арқылы жасалынады. Өзінің шырынында қозының еті 23 сағат бойы бұқтырылып, әзірленеді. Халим ботқасының өзіндік дәмі ұзақ дайындалу арқылы және бидай жармасымен өзінің үйлесімділік дәмін береді. Сол себептен басқа тағамдарға қарағанда ерекше.
Тарихи асты өзіндік әдісімен әзірлеуден өзге түрлі наным сенімдер қалыптасқан. Тағам қазаннан құйылмас бұрын қариялар бата беріп ас қайырған. Одан кейін ғана астауға салатын болған. Тарихи деректерге сәйкес, асты аптасына 2 рет дүйсенбі және жұма күндері дайындаған.