Баспана бағасы күзде арзандауы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі осылай деп болжам жасап отыр. Жыл басынан бері жаңа үйлер 9 пайызға, ал қолданыстағы баспаналар 14, құрылыс материалдарының құны 19 пайызға өскен. Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, баспана мен құрылыс материалдарының қымбаттауына кәсіпкерлердің қалтасының қамын ойлап әдейі көтеріп жіберуі басты себеп. Шетелден құрылыс материалдарын қымбат бағаға сатып алатындығы да тұрғын үйдің қымбаттауына әсер еткен. Сондықтан, отандық өнімді дамытуға қолдау көрсетілмек. Алайда, шикізатты өндіру үшін жұмыс күші жеткіліксіз. Ендігі жерде жазасын өтеушілер де құрылыс заттарын өндіруге жұмылдырылмақ.