Түркістанда созылған «Voice of Turan» халықаралық ән байқауы өз мәресіне жетті. Екі күні бойы әлем елдерінен келген қатысушылар қазақ әндерін шырқап, өз өнерлерін ортаға салды. Шара қазақстандық композиторлардың үздік шығармаларын әлемге таныту, дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Сонымен елімізде үшінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық байқаудың жеңімпаздары кімдер? Айдана Омар жалғастырады.
Ұлы Тұран даласын әнмен тербеген Халықаралық байқаудың бірінші күні шартараптан келген қатысушылар елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Екінші күні қатысушылар алдымен Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін бірге орындады. Осылайша әділ қазылардың шешімімен бас жүлдені грузиялық Татия есімді ару жеңіп алды.
Бойжеткен бұл байқауға дейін талай өнер сайыстарында финалға өтіп, жүлде ала алмаған екен.
Қатысушыларды композитор, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева Медеу Арынбаев сынды әншілер бағалады.
Сонымен қатар өнер сайысына қатысқан әр қатысушы құр қол қайтпады. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар, ал Гран-при иегеріне арнайы статуэтка табысталды. Ұлттық мерекеге орай облыс әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған байқау Түркістан төрінде дәстүрге айналмақ.