Үкімет биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл туралы ел президенті Жетісу өңіріне жасаған сапарында баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесін шешуге болады дейді. Сондай-ақ, қайтарылған жер жергілікті шаруаларға әділ бөлініп берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам екендігінде баса айтты. Сондай-ақ Президент өңірді газбен қамту, жол сапасын жақсарту бойынша атқарушы билікке нақты тапсырмалар берді.
Әдеттегідей, облыс жұртшылығымен кездесудегі Президент баяндамасының басым бағыттары экономика мәселесіне арналды. Әлі де болса, бірнеше өңір өзінің агроөнеркәсіптік әлеуетін толық пайдаланбайды. Осы мәселе, мемлекет басшысының айтуынша, басым бағыттардың бірі болуы керек. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталғанына тоқталды.
Елдегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда тұр. Алайда оның біреу жұмыс істемейді. Ақсу қант зауытын іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 млрд теңге жұмсалды. Алайда серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмайды. Содан да болса керек, биыл жазда қант бірден қымбаттап, қат болды.
Жетісудан шыққан азаматтар тәуелсіздік кезеңінде елімізді дамытуға зор үлес қосты. Соның ішінде белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбекте бар. Жұртпен кездесуде Мемлекет басшысы қазақ сүйген, қазағын сүйген Бейсекеңнің ортамыздан ерте кеткенін айтып күрсінді. «Талдықорғандағы Журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін берейік», – деді. Сондай-ақ өңірге жұмыс сапары барысында президент кәсібін өрге домалатқан бірнеше өнеркәсіп орындарына да барды. Президент жұмысшылардың жай-күйін біліп, ұжыммен естелік суретке түсті.