Биыл қараша айынан бастап сыбайлас жемқорлардан алынған ақша мектеп құрылысына жұмсалады. Бұған ел бойынша 100 млрд теңге бөлінбек. Түркістан облысына барған Үкімет басшысы осылай деді. Әлихан Смайловтың айтуынша, биыл облысты дамытуға республикалық бюджетте 367 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Премьер министр жыл соңына дейін осы қаражатты мақсатты және тиімді пайдалануды тапсырды.
Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министр инвесторлармен және туристік сала өкілдерімен кездесті. Әлихан Смайыловқа өңірдегі жаңа инвестициялық жобалар таныстырылды. Кездесуде инвестициялық жобалармен жұмыс істеу барысында туындаған бірқатар мәселелер көтерілді. Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға оларды мұқият қарап, заңнама шеңберінде көмек көрсетуді тапсырды. Жауаптылардың айтуынша, биыл 33 млрд теңгеге 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
ҚАНАТ ШОНБАСОВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ЭКСПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - Кентау қаласында бізде арнайы экономикалық аймақ бар. Арнайы экономикалық аймақта бізде темірбетон деген бетон шығаратын зауыт ашылды. Және сол аймақта Алматы НС груп деген кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды. Мақтарал ауданында биыл Жанасыл деген компания мақта өңдеу зауытын ашты, ол ең соңғы технологиямен жабдықталған
Түркістан облысында туризм саласындағы көрсеткіштер айтарлықтай өскен. Премьер-министрге «Қасқасу» туристік-кешенінің жобасы таныстырылды, онда күніне 4 мыңға жуық адам демалатын болады. Сондай-ақ үкімет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, оның сақталуына да назар аударды. Әкімдіктің ЮНЕСКО мен басқа да халықаралық ұйымдардың ұсынымдарын қатаң сақтауы керектігін ескертті.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы назардан түспеген. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджетте 367 млрд теңге қарастырылыпты. Одан бөлек Әлихан Смайлов Түркістан облысының демографиялық өсімін ескере отырып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы салынатын мектептердегі оқушылар санын ұлғайту бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен бірге Премьер-Министр азық-түлік тапшылығына және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық қолда бар нарықтық механизмдерді тиімді пайдалану керектігін айтты. Облыстың инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізу міндеті де жауаптыларға жүктелді.