Түркістан
EN

Дархан Сатыбалды жер мәселесі бойынша Қазығұрт ауданының тұрғындарын қабылдады

136
20.10.2022

«Жерді тұрғындарға бөліп беру мәселесін біржолата шешкен жөн». Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Қазығұрт ауданы тұрғындарын арнайы қабылдады.  Аймақ басшысы алдымен Жұмысшы, Сынтас және Қарабау ауылы тұрғындары атынан келген азаматтардың өтініштерін тыңдады. Азаматтар ұзақ жылдарға созылған жер дауының халық пайдасына қарай шеілуіне күш салған аймақ басшысына алғыс айтып, сол қайтарылған жерді ауыл тұрғындарына әділ бөлу мәселесін көтерді. 

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ – Өздеріңіз білесіздер, бірнеше ауылда жерді ауданның меншігіне өткізу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Ендігі кезекте жерді тұрғындарға бөліп беру мәселесін біржолата шешкен жөн. Тұрғындар өздері шешім қабылдайды. Бұл істі бірлікпен, ынтымақпен шешкен абзал. Сіздердің ұсыныстарыңыз ескеріліп, халық қолдағаны таңдалады. Екіншіден, ол жерді құр алып қоймай, игеру қажет. Біз шаруашылықпен айналысамын, өнім шығарамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз.

Облыс әкімі аудан басшысы Арман Абдуллаевқа жер мәселесіне қатысты арнайы комиссия құрып, ауыл тұрғындарының проблемасын оңтайлы шешуді тапсырды. Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының теңгерімінде қалған 209 гектар жерді алтынтөбеліктерге бөліп беруді жүктеді.