Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі. Бұл күн елімізде осымен 30-шы жыл тойлануда. Дәстүрге айналған шара биылда жалғасын тапты. Оған облыстағы татулықты ту етіп жүрген діни бірлестік өкілдері қатысты. Онда қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау мәселелесі сөз болды.
Облыста 6 конфессияға кіретін 788 діни нысандар тіркелген. Олардың қатарында 30 жергілікті діни бірлестік бар. Бүгін бір шаңырақ астында бас қосқан олар конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайту жөнінде пікір алмасты. Мәселен, Шымкент және Түркістан епархиясының бөлім басшысы Александр әрқайсымыздың мақсатымыз бір дейді. Ешкімді алаламай, татулық мен мейірімділікке шақыратынын айтады.
АЛЕКСАНДР МОГИЛЕВСКИЙ – ШЫМКЕНТ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ЕПАРХИЯСЫНЫҢ «ШІРКЕУ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС» ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМ БАСШЫСЫ - Аударма: Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде атап өтіледі. Барша халықты мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Әрбір отбасында тыныштық, береке болсын. Елімізге береке, бірлік, еңселі ел болуымызды тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Өңірде Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты мешіттерде 1112 діни қызметкер жұмыс істейді. Оның 205 жоғары білімді. Имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында келесі жылы 2 күндік оқыту семинары өтеді. Дін қызметкерлері адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу туралы уағыздарды жиі айтып отырамыз дейді. Өйткені, көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды.
Бейбітшілік пен келісім. Ұлтымыз үшін ұлы ұғым. Осы қастерлі сөздерді жастардың бойына сіңіріп, барлық түркістандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру – бүгінгі отырыстың әрі рухани келісім күнінің түпкі мақсаты. Бүгінге кездесу соңында елді ынтымақ бірлікке үндеп жүрген дін өкілдері облыс әкімі Дархан Сатыбалданың арнайы алғыс хаты марапатталды. Оларға сый-сипаттар үлестірілді.