Түркістан қаласында 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиадалар ойындарының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан XX халықаралық турнир бастау алды. Аталмыш жарысқа әлемнің 5 мемлекеті мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген 160 спортшылар қатысып, өзара мықтыларды анықтауда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен арнайы медальдар табысталмақ. Толығырақ Бексұлтан Бекпатша тарқатып айтсын.
Байрақты бәсеке Түркістандағы «Olympic Center» спорт кешенінде өтуде. Оған еліміздің барлық өңірлері мен көршілес Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан, сондай-ақ Тәжікстан, Йемен мемлекеттерінен 160-қа жуық спортшылар келіп, бақ сынауда. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, қатысушылар мен спорт жанкүйерлерін турнирдің ашылу салтанатымен құттықтады.
Құттықтау сөзден кейін облыс әкімі Бекзаттай батырды дүниеге әкелген анасы Сырлыгүл Саттархановаға құрмет көрсетіп, ақ жаулық жауып гүл шоқтарын сыйлады. Өз кезегінде Сырлыгүл ана жарысты ұйымдастырушыларға өз алғысын білдіріп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Дәстүрлі түрде өтетін дүбірлі додаға олимпиада жеңімпаздары Ермахан Ыбрайымов пен Серік Сәпиев, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков пен халықаралық аренада көк туымыз желбіретіп, жетістікке жеткен бокс шеберелері мен жаттықтырушылары бой көрсетті. Жарық жұлдыздай ерте ағып түскен Бекзат жайлы естеліктерімен бөлісті. Жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш турнирге кезінде Бахтияр Артаев, Геннадий Головкин сынды еліміздің мақтаныштары бақ сынап, ұлттық құраманың сапына ілікендігін біреу білсе, біреу білмес. Тіпті, Лондон оимпиадасының жеңімпазы Серік Сәпиевте Бекзатқа қарап еліктеп өскенін жасырып қалмады.
2004-2005 жылдары туған жастар Былғары қолғап шеберлері AIBA халықаралық әуесқой бокс ассоциасының бекіткен ережеге сәйкес 13 салмақта шаршы алаңда өзара мықтыларды анықтайды. Турнир жеңімпазы атанған спортшыға медальдар мен қаржылай сыйлықтан бөлек «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық атағы қоса беріледі. Сондықтан спортшыларға босаңсуға болмайды.
Турнир әділетті әрі жоғары деңгейде өтуі үшін халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Қуаныш Қауашев бастаған бір топ төрешілер шақыртылған. Айта кетейік, турнирдің ақтық бәсекесі 16 қазан күні өтеді.