Түркістан облысында шөп артылған жүк көлігін өртеп жіберген күдікті ұсталды. Өткен демалыс күндері болған оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Әуелі Сайрам аудандық полициясының кезекші бөліміне шөп артылған ГАЗ 53 жүк көлігі жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына бірден барған жедел-тергеу тобының қызметкерлері белгісіз біреу Бәйдібек ауданының тұрғынына тиесілі 280 бума шөп тиелген жүк көлігін өртеп жібергенін анықтаған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен алты миллион теңгеге жуық. Мән-жайды толық анықтаған жедел уәкілдер бейнебақылау камераларынан көліктегі шөпті өртеп жіберген күдікті адамның бейнесін көрген. Ол ешқайда кетпей, оқиға орнында шөптің қалай өртенгенін бақылаған. Масаң күйде ұсталған ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 202-бабы "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.