Елімізге шекарадан заңсыз өтуге әрекеттенген Ресейдің екі азаматы кері қайтарылады. Денисов аудандық соты оларға қатысты осындай үкім шығарды. Көрші елдің қос азаматы 25 қыркүйек күні, таңғы сағат алтылар шамасында шекара арқылы Қазақстанға жасырын өтпек болған. Алайда олардың жоспары жүзеге аспай, қолға түсті. Істі қараған сот екі азаматты мемлекеттік шекара режимін бұзу бабы бойынша айыпты деп таныды. Енді олар Қазақтан аумағынан шығарылады. Айта кетсем, соңғы екі аптада Қазақстанға келген 200 мыңнан астам ресейлік азаматтың 148 мыңы қайта шығып кетті. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, кешеден бері көрші мемлекеттен Қазақстанға ағылғандар қатары бәсеңсіп, қалыпты деңгейге түскен.