Түркістан
EN

«Түркістан - рухани, қауіпсіз қала» форумы өтті

314
03.10.2022

Бұл форум бұрынғы форумнан өзгерек. Түркістанда киелі шаһарды қайтсек қауіпсіз етеміз деген тақырыпта ауқымды жиын өтті. Ерекшелігі-форум қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен еркін форматта болды. Жиынға арнайы шақырылған елімізге танымал спортшылар, медиасарапшылар, заңгерлер қатысып, қаланың қауіпсіздігін арттырудың жолдарын ұсынды.  

Тұрмыстық-зорлық-зомбылық, нашақорлық, жезөкшелік, кісі өлтіру. Бұл киелі Түркістан шаһарында орын алып жатқан қорқынышты көріністің бір парасы ғана. Түркістан қалалық полиция басқармасы ұйымдастырған жиынның басты мақсаты- құқық бұзушылық пен қылмыспен күресте халықпен күш біріктіру.

Полиция департаменті ұйымдастырған ерекше форумда ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, спортшы Ардақ Назаров,  медиасарапшы Өркен Кенжебек, заңгер-сарапшы, журналист Нұрділда Ораз сынды елімізге танымал тұлғалар өз ойларымен бөлісті. Сарапшылар қылмыспен күресте халықты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырып,  жастардың рухын бір көтеріп тастады.

Отты сөздерімен көрерменді аузына қаратқан форумның арнайы қонақтары «Түркістан-киелі жер, тарихи мекен, сондықтан біз бұл жерде ішімдіктің ішілуіне, қылмыстардың орын алуына, қыздарымыздың тәнін саудалауына жол бермеуіміз керек»,- екенін қадап айтты. 

Бүгінде 200 мыңға жуық халқы бар Түркістанда 500-ден астам полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті күзетуде. Одан бөлек 160 жаңа штаттық орындар ашылып, қызметке білікті кадрлар тартылуда. Алайда, қоғамнан қолдау болмаса, полицияның атқарған қызметі-құмға сіңген судай болады,- дейді қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев.