Солтүстік Қазақстан облысы оңтүстік дихандарын шақырады! Қоныс аударған шаруаларды мол мүмкіндіктер күтіп тұр. Қандай да бір ауыл шаруашылық техникаңыз болса, мемлекеттік конкурс арқылы тегін жер алуға болады. Көшіп келушілерге арналған мұндай көмекке Жамбылдық Фарух Халбекте ие болған. Дихан жергілікті әкімдік берген 24 гектар алқапқа бақша өнімдерін егіп, мол өнім алып жатыр.
Жамбыл ауданы Мирное ауылының тұрғыны Фарух Халбеков солтүстікке Түркістан облысынан көшіп келген. Бағбаншылыққа бала күнінен жаны құмар азамат өзінің сүйікті ісін теріскейде де қолға алды. Яғни, көктемде келе сала 24 гектар аумаққа картоп, қырыққабат, сәбіз еккен. Қазір жаз бойы күтіп-баптаған көкөністері пісіп-жетіліп, мол өнім алып жатыр.
ФАРУХ ХАЛБЕКОВ - МИРНОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Солтүстікте жер көп. Картоп жақсы шығады. Сол үшін осында қоныс аудардық. Әкімдік бізге жер берді, земельныйға бардық. Осы жерді көрсетіп, берді. Картоп егуді майдың 2-сі бастап, аяғында аяқтадық. Қазуды қыркүйекте бастадық.
Фарух Халбеков жергілікті базарларды әлі дұрыс білмейді. Сол үшін қазылған картопты үйренген Шымкенттегі сауда орындарына жіберіп, сатуда. Дегенмен, келесі жылы көкөністерді Астана, Петропавл мен Қостанайға апару ойда бар. Жалпы, алқапта күні бойы 20 адам еңбек етеді. Соның 10-ы Фарух Халбековтың Шымкенттен келген туыстары екен. Қалғандары көрші Пресновка және Майбалық ауылдарынан келіп егістік алқапта еңбек етуде.
КЕҢЕСБАЙ НҰРҒАЛИЕВ - МАЙБАЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ Сағат 9-дан 7-ге дейін жұмыс істейміз. Біреудің еңбегін еш қылмай, жаңбырға тигізбей тезірек жинап алу керек. Күніне 4 мың теңгеден, 30 күн жұмыс істеп 120 мың ақша аламын. Күйеу балам жұмыс бар екенін ватсаптан біліп, осында шақырды. Бір фураны 3 күнде артып бердік.
Әзірге тек картоп қазылып жатыр, алдағы уақытта сәбіз бен қырыққабат жиналмақ. Еңбегінің жемісін көріп отырған азамат ендігі жылы қосымша жер сұрап, 80 гектар аумаққа өнім егуді жоспарлап отыр.