Түркістан
EN

Студенттерге 87 мың төсек-орын жетіспейді

156
26.09.2022

Студенттік жатақханаларда 87 мыңнан астам төсек-орын жетіспейді. Бұл туралы орталық коммуникациялар алаңындағы баспасөз мәслихатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Айтуынша мәселені шешу үшін университеттер 14 309 орынға арналған 100 жатақхананы, хостелдерді жалға алып отыр. Қазіргі уақытта қиын жағдайға тап болған 130 студентке көмек көрсетілген. 

САЯСАТ НҰРБЕК - ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ: «Жатақхана мәселесі расында бар, бұл бір күн емес, бір жыл емес, ондаған жылдар бойы қордаланған мәселе. Әсіресе Алматы қаласында өте өзекті болып отыр, себебі онда 36 жоғары оқу орны бар, еліміздің барлық студенттерінің үштен бірі Алматыда, олардың 70%-ы басқа қалалардан келгендер. Біз қазір Алматы қаласы бойынша үлкен іс-шаралар кешенін жүргізіп жатырмыз, жатақханалар құрылысына жеке капиталды тарту, академиялық инфрақұрылымды кеңейту үшін инвесторлармен кездестік. Алматыда жеке штаб құрылды, қиын жағдайға тап болған студенттерді уақытша орналастырамыз, оларға баспана іздейміз».

Ал, сала министрінің балалары мұндай қиындықтарды көрмеуі мүмкін. Өйткені шенеуніктің ұл-қызы шетелде оқиды екен. Осыған дейін министр болып тағайындалған кезінде Саясат Нұрбек Кипрде білім алатын  балаларын енді Қазақстанға қайтарамын деп сөз берген болатын. Алайда оның бұл уәдесі орындалмағанға ұқсайды.  

САЯСАТ НҰРБЕК - ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:  «Балаларым жазда елге оралды. Олар 4 жылдан бері Солтүстік Кипрде британдық жеке мектепте оқып жатыр. Ондағы білім өте сапалы және біздің жеке мектептермен салыстырғанда анағұрлым арзан. Біз балалармен бұл тақырыпта байыппен сөйлестік, олар айтарлықтай есейген. Шетелдік мектептердің бір жақсысы – балаларды дербес болуға және сындарлы ойлауға үйретеді. Балаларым өз таңдауын жасады, олардың таңдауына құрметпен қарауым керек».