Қазығұрттағы апатты мектепке қатысты құрылыс басқармасы жауап берді

162
22.09.2022 03:38

Қазығұрттық әлеуметті әуреге салған Ақпарақ мектебі жақын күндері өз есігін айқара ашпақ. Осылай деп жауапты мекеме басшылары сендіріп отыр. Құрылысы 2019 жылы басталған білім ордасы неліктен әлі күнге дейін бос қаңырап тұр? Мектептің жай-күйімен танысып қайтқан тілшіміз Назым Қайратқызы айтып берсін.

Өндіріс ауылында 619 миллион теңгеге салынған мектеп 200 орынға шақталған. Ашылу салтанатында лентаны аудан әкімі кескен, бірақ содан бері ғимаратта бірде-бір сабақ өткізілмепті. Балалар ауылдан алты шақырым жердегі басқа мектепке баруға мәжбүр.

Өткен жылдың желтоқсан айында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолданысқа берілген мектептің бүгінгі жай күйі осындай. Қабырғалары түгелдей сөгіліп, жарықшақтар пайда болған. Алайда мердігер компанияның өкілдері мектеп қолданысқа жарамды, балаларға ешқандай қауіп төнбейді деп сендіріп отыр. 

Мектеп ресми түрде берілгеннен бері қабырғалары бірнеше рет жарылыпты. 

Мердігер компания басшысының айтуынша қазір анықталған кемшіліктер түзетілу үстінде. Ғимаратты қызыл су баспас үшін арнайы арықтар қазылған. 

Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы нысанды былтыр қабылдап алған. Басқарма басшысының орынбасары Ғалымжан Төлегеновтың айтуынша, мектеп қазан айынан бастап өз шәкірттерін күтіп алуға дайын болады.

Үш корпустан тұратын білім ордасында дәл қазір тазалық жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат керекті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.  Айта кетерлігі, биыл Қазығұрт ауданында барлығы 6 мектептің құрылысы жүруде. Олардың екеуі жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі дейді жауаптылар.