Түркістан
EN

Әскерде болған азаматтар тегін оқиды

86
20.09.2022

Отан алдындағы борышын өтегендер енді Жоғары Оқу Орындарында тегін оқиды. Ал, әскери қызмет барысында үздік атанғандар әскери оқу орындарына қабылданады. Бұл бүгінгі күннің басты жаңалығы.  Кез-келген елдің қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін армия. Оның қауқарын көрсету арқылы жастар арасында әскер қатарында қызмет етуді және Отан алдындағы борышын өтеуді насихаттау маңызды. Түркістан телеарнасы ашылғалы бері арнамыздың редакциясы ақпарат майданында қолына қару ұстаған және ұстауға дайындалып жатқан жандардың тұрмысын көрсетуде. Күзгі шақырылым барысында өткенге көз жүгірту үшін келесі сюжетке назар аударыңыздар.

Қасіретті қаңтар оқиғасы ешкімнің есінен кете қоймас. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қаралы күндер ел бірлігі үшін сын болғаны рас. Бейбіт шерудің арты жазықсыз жандардың өмірін жалмаған қарулы қақтығысқа ұласқаны барлығына мәлім.  Арнамыздың редакциясы да, Төтенше Жағдай режимінде өз қаруы, микрофон және камераларды көтеріп, көшеге шыққан еді. Ал, Жаңа Толқын ақпараттық-сауықтық бағдарламасы да сол күндері ел көңілін көтеруге емес, халықты бірлікке шақырумен болды. Осы ретте, студия қонақтары ретінде Ауған соғысының және Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысып, лаңкестерді тоқтатқан азаматтар келген еді. 

Біреу білер, біреу білмес. бірақ, жас баланы әскерге жіберетін де, тіс қаққан қызметкерді зейнетке жіберетін де Қорғаныс істер басқармалары мен департаменттері екен. Халық арасында военкомат деп аталатын бұл орган Қорғаныс  Министрлігі ұсынатын 14 қызметтің 10-ын атқарады. Осыған орай, 100 жылдан артық тойланып келе жатқан мейрамның орнына жергілікті әскери басқару органдарының жаңа мейрамы болып 12-і қыркүйек бекітілген еді.

Осы орайда, тұрақты түрде мерзімді әскери қызметке шақырылған жеткіншектердің медициналық комиссиядан өткен сәті де көгілдір экраннан көрерменге жол тартты. Әсіресе, денсаулығы мығым, шымыр жігіттердің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметіне баруға дайындалып жатқан сәті ерекше көзге түседі.

Арнамыздың редакциясына інісін әскерден арашаламақ болған келіншек те жүгінді. Себебі, отбасының жалғыз асыраушысы. Алайда, соған қарамастан заң ондай жағдайда әскери қызметтен босатпайды екен. Сол себепті, отбасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Айта кетер жайт, барлық өңірлер ішінде Түркістан облысы Қарулы күштер, Ұлттық Ұлан және Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметі және өзге де құрылымдарға тек күзгі шақырылымда екі мыңнан астам жасты жіберу көзделген. Бұл еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш.