Түркістан облысының Қазығұрт ауданында өткен жылдың желтоқсан айында ресми түрде лентасы қиылған мектеп қирап бастаған. Салынғанына тоғыз ай толмай жатып білім ошағында балалар оқи алмай жүр. Себебі ғимараттың қабырғалары қақырап, жарылып кеткен. Енді мектепке жарымаған ауыл балалары алты шақырымдық елді мекенге тасымалданып оқуға мәжбүр.
Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылдық округінде бой көтерген мектеп тәуелсіздіктің қарсаңында тапсырылған. Аудан әкімі Арман Абдуллаев та шараның басы қасында болып құттықтау сөз сөйлеген болатын. Тіпті білім ошағын салған компания басшысына өз алғысын білдірген еді.
АРМАН АБДУЛЛАЕВ - ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ - Мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 619 млн теңге бөлініп, "АРТ Құрылыс"ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізді. компанияға алғысымызды білдіреміз.
Алайда әкім алғыс айтқан компания жұмысы айға жетпей сыр берді. Мектеп қабырғалары жарылып, тапсыруға дайын болмай шыққан. Бұған тұрғындардан келген мына бейнежазба дәлел. Бұл таспаларды мектеп ұстаздарының бірі түсіріп алған. Лентасы қиылған білім ұясын көрген мұғалім жағамды ұстадым дейді.
МАРЖАН БАЙЫМБЕТОВА - МҰҒАЛІМ - Бұл мектепте бүтін кабинет болған жоқ. Түгел жарылып кеткен еді. Горизантальді да, вертикальді да, жарылудың барлық түрі кездесті. Арасы ашық. мынау қабырға мен мына қабырға жерде құлап жатқан еді. Кейін ішіне кіріп көрдім. мына қабырғаның астында фундамент болған жоқ.
Елді мекен халқы өз аймақтарында заманауи мектептің салынуын тағатсыздана күткен. Ол үшін сметалық құжатына дейін өз қалталарынан қаржы құйған. Десе де тұрғындар үміттің ақталмағанына налыйды.
ҒАЛЫМЖАН ЖАНҒАШЕВ - ӨНДІРІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Уже бесінші, алтыншы рет жөндеп жатыр ғой. Бастапқыда столовыйдан басталды. Столовыйдың астының бәрін қазып, фундамент құйып, құрсау беріп ол жақты тоқтатып еді, енді одан спортзал шығып жатыр. Одан бұрышының барлығы төрт жаққа қарай кетіп жатыр.
Тұрғындар болса білім ошағының қайта бұзылуын қырдан ағатын сумен байланыстырады. Оның үстіне мектеп іргетасы да дұрыс құйылмаған деп отыр. Ал сала мамандары болса құрылыстағы кемшілікті жоққа шығармады. Нысанды облыстық құрылыс басқармасы қабылдап алған соң тапсыруға міндеттіміз деп ақталды.
ЕРЛАН БАЙГӨБЕКОВ - ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ - Бірінші полымыз осадка берді. Кейін перегородкаларымыз осадка беріп жарыла бастады. Кейін несущий стенамыз одан кейін жарыла бастады. Оны мердігер есебінен қалпына келтірілді. - Яғни сіз ешқандай қауіп жоқ деп кепіл бере аласыз ? - Пока бере аламын.
Ауданның білім саласына жауапты басшылары құрылысшылар қауіпсіздік жағына кепілдік берсе келесі тоқсанда оқушыларды кіргіземіз деп отыр. Егер жаңа мектеп пайдалануға берілсе 250 бала оқуы тиіс. Десе де ауыл тұрғындары пайдалануға берілген күннің өзінде мұнда балаларын оқытпаймыз дейді. Себебі, сапасыз салынған мектептің қайта құлауы әбден мүмкін дейді.