Шымкентте екі жүзге жуық оқушы мектепке бірнеше шақырымды артқа тастап барады. Оған себеп, Ақтас шағынауданында мүлдем білім ордасы жоқ. Сондықтан, кішкентайлар көршілес шағынауданға қатынайды. Ал, шамасы жететін ата-аналар балаларын тасмалдайтын арнайы көлік жалдап қойса, қауқары жетпейтіндерінің ұл-қыздары амалдың жоғынан жаяулатуға мәжбүр.
Ақтас шағынауданының тұрғындары мұнда 2008 жылы көшіп келгендерінен айтады. Содан бері төңіректе әлі күнге дейін бір мектеп салынбапты. Сондықтан балалары 3-4 шақырым жердегі көрші шағындаудандағы білім ордасына қатынап оқиды. Оқушылар қиналмасын деп тұрғындар арнайы газель жалдап қойған. Бірақ оны қалтасы көтермейтіндер де бар. Өйткені бір оқушыға 5000 теңге алады. Ал автобустар 1 сағат сайын жүретін көрінеді. Оны күтетін болса оқушылар сабаққа кешігеді. Кей кездері балалар амалдың жоқтығынан білім ордасына жаяу қатынауына тура келеді.
КҮЛӘШ ДАТҚАБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ- Біреулер кішкентай сөмкесін көтере алмайды. Бір сағат жүреді. Енді қорқамыз әрбір үйден апасы, әжесі шығады. Кішкентай баласы шығады үлкендер жұмсықа кетсе. Неден қорқасыздар? Иттен қорқамыз. Жол қараңғы бала-шаға да қорқады.
Балаларын мектептен келгенше жандарын шүберекке түйіп отыратын ата-аналар көше бойында жарықтың жоқтығына наразы. Одан қалды жаяу жүргіншілер жолы да салынбаған. Оқушылар көліктермен жағаласып жолдың үстінде жүреді дейді. Жазатайым оқиға болса, жауаптылар бастарын ала қашады деп ашынады.
АҚМАРАЛ МЫРЗАҚҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ- Мектепті точна сұрап жатқанымызға точна алты жыл болды. Гороноға да, акиматқа да бардық. Апайлар саламыз деп әдемілеп шығарып салады. Биыл енді соңғы жыл деп айтқан.
Ал білім басқармасының өкілдері бала санының аздығынан мектеп сала алмаймыз деп ашығын айтты. Дегенмен қазіргі уақытта Ақтас шағынауданында нақты қанша оқушы барын өздері де білмейтін болып шықты. Тіпті, бала санағын жүргізуді тұрғындардың өздеріне тапсырыпты. Ал, оқушыларды тасмалдауға көлік ұйымдастырып беру бойынша мынадай жауап естідік.
ҚАЙРАТ ДҮЙСЕНБИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ- Білім басқармасы тасмалдауға көлік шығарып бере алмайды. Өйткені, заңда ол қарастырылмаған.
Ал, Ақтаста мектеп салынғанға дейін көрші шағындаудандағы білім ордасының жанынан қосымша корпус тұрғызылатын болады. Мәселе осылай шешілмек екен. Жауаптылар ол жаққа оқушылардың ауыр сөмкелерін көтеріп 3 жылдай сабылуына бас қатырып жатқандары шамалы.